Біраздан бері қазақ қыздарының білім мекемелеріне хиджап киіп баруы турасында пікір таластар өрби бастады. Біреулері, арабтық мәдениет деп қарсы пікір ұстанса, екіншілері бұны құба-құп көреді. Әлеуметтің арасында өзекті әңгімеге айналған осы тақырып аясында, біз азаматтарымыздың айтар ойларын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Қандай себеппен екені белгісіз, «толық аты-жөнімді айтудан қорқамын» деген Алматы қалалық Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Айгерім:
“Біздің мектепке ондай шектеу қоймайтын шығар. Яссауи атамыздың атымен аталады. Менің мектепте хиджап киетін достарым бар. Олардың өзгелерден еш айырмашылғы жоқ, бәрімізбен де араласады. Оқу үлгерімдері де жақсы. Мен де Ислам дініне
сенемін, бірақ, хиджап кимеймін, ашық шашық киімдермен жүрмеймін» – дейді.
Құдайберді Бағашар, дінтанушы:
Есті қыз етегін қымтап ұстайды
Ислам дінінде тәрбие негіздері бала ес біліп, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата бастаған жастан басталады. Он үшінде отау құрғызғанына қарағанда, қазақта да бала тәрбиесі ерте қолға алынған. «Есті қыз етегін қымтап ұстайды», «Қызға қырық үйден тыйым» деген аталы сөздер осыны қуаттайды. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде мектеп жасынан-ақ оқушылардың бұзылып, ерте жыныстық қатынасқа баруы, аборт жасатуы, темекі, сыра, арақ, есірткі секілді түрлі нашар қылықтарға әуестеніп, тіпті қылмыс жасап, жасөспірімдер колонияларын толтырып жатқаны, осындай келеңсіздіктердің салдарынан қатты депрессияға ұшырап, өз-өздеріне қол жұмсап жатқан көрсеткіш жоғары. Бұның бір ғана дәлелі, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы тұрғысынан Қазақстан әлемде 5 орында тұр. Ал мұсылман елдерінде бұндай азғындықтарға жол берілмеген. Өйткені, олар дінді қадірлейді, тәрбиені қатты қадағалайды. Құранның «Нұр» сүресінің 31-аятында ««Мүмін әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен
(бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әсемдіктерін көрсетпесін. Орамалды бұғақтарын да жабатындай етіп тақсын…» деп ескертілген. Яғни, қыз бала тәрбиесінде бастарына жаулық салу оларды сырт көздің сұғынан, жат пиғылдылардың түрлі жамандықтарынан сақтайтындығы білдірілген. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Әй, Әсма, балиғатқа толған қызға алақаны мен жүзінен тыс мүшелерін бөгде жанға көрсетуге болмайды» деген хадистері дінімізде балиғат жасына толған қыз балаға
белін, кіндігін, омырауын ашпау, ашық-шашық киінбеу, әурет жерлерін сырт көзден жауып жүру міндеттелетіндігін ұқтырады. «Тоғызыңда қандайсың, тоқсаныңда сондайсың» демекші, жас кезде алған тәрбие өмір бойы жалғасатынын ұмытпауымыз
керек. Осы орайда, менің жеке пікірім, мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзін имандылыққа, адамгершілікке, ұяттылыққа баулып жүрген қыздарымыздың бұл талабын қолдап, дінді ұстануына рұқсат беруіміз керек. Бұл тұрғыда қажет болса, Білім министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір жақты келісімге келсе, құба-құп болар еді7
Жарас Сейітнұр, Психолог:
Халифат құрайық деулері де мүмкін
Діни наным-сенімге, күтпеген жерден тыйым салып, әкімшілік жолмен қыр көрсетуге болмайды. Қоғамдық пікірмен санасуы керек. Азаматтарды психологиялық тұрғыдан даярлау қажет. Біреу бүгін мына заңды, ертең тағы біреуі басқалай бір ережені шығарса қалай болады? Кез-келген заңнамамен тәртіптік ережелерді шығарарда қоғамдық ортада талқылау өткізу керек. Әкімшілік тарабынан күш көрсету наразылыққа әкеліп соғады. Сонан кейін олар жасырын, құпия әрекеттерге баруы мүмкін. Тіптен, мемлекет мұндай мүмкіндік бермесе, халифат құрайық деулері де мүмкін. Адам психологиясында тыйым салған дүниеге қарсылық деген бар. Адамның бойында 3 жастан бастап қырсықтық сезімі пайда бола бастайдыМенмендік деген нәрсе күшті болады. Сондықтан, әр адамның «менімен» санасуымыз керек. Діни басқарма мен білім беру мекемелері келісімге келуі керек. Мен дін жолына берілген адамдарды жақсы білем. Олар бұндай мәселеге өте сезімтал қарайды және өткір қабылдайды. Олардың уәждері де кей жағдайда орынды. Көбінде олар былай ойлайды, «менікі дұрыс, мыналардың істеп жүргендерінің бәрі шайтанның
ісі» деп, психологиялық қорғаныш сезімдері басты рөл ойнай бастайды. Онан сайын, «әлем біздерді түсінбейді, біздер таңдаулылармыз» деп бөлектене береді.
Ахатов Уәлихан Ақыпбекұлы, заңгер. ҚазҰУ-дың Заң факультеті деканының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары:
Құқықтарыңды білгенде, міндетіңді ұмытпа!
Қазақстан Республикасы Конституцияның 1 бабына сәйкес, өзін демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет деп санайды. Оның ең басты қазынасы адам құқықтары мен бостандықтары. Конституциямыздың екінші бөлімі адам құқықтар мен бостандығына және міндеттеріне арналған. Осындағы 30 баптың 24-і азаматтарымызға құқық береді. Ал, қалған 6 бабы орындауға тиісті міндеттеріне жатады. Осы құқықтар негізінде азаматтарымыз ар-ұждан бостандығымен қатар дінге сену еркіндігіне ие бола алады. Біздің азаматтарымыз өздерінің құқықтарын жақсы біледі, алайда, көбінесе міндеттерін ұмыт қалдырады.
Мектеп дегеніміз – мекеме, мекеменің өз ішкі тәртібі болады. Оны кез-келген азамат сыйлауы керек. Қайталап айтайын, адамдар өздерінің құқұықтарымен бостандықтарын алға тарта бермей, міндеттерін де орындауы керек. Өз құқықтарыңды білгенде, міндетіңді ұмытпа!
Енді менің ойымша, біздің халықтың көпшілігі ислам дініне сенеді. Жастар арасындағы Ислам дініне деген құштарлық арта түсті. Бұл – қуанарлық жайт. Дін адамды тәрбиеледі, шариғат бойынша әйел адамдар ұятты жерлерін жауып жүруі
керек қой. Толықтай оранып алу міндет емес, қазақы дәстүрге сай киінсе болар еді…
RS:
«Алла деген ар болмас, Хақтың жолы тар болмас» – деп толғады, күміс көмей Бұқар жырау. Жыраудың жырына сабақтастыра, «Бір Аллаға сиынып, кел балар оқылық…» – деп, тебіренді ағартушы Ы. Алтынсариын. Арысы жыраудың, берісі ағартушының айтқан ақлияты неліктен ақихатын таба алмай жүр? Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез… (Абай)
minber.kz
Тоғым Сұлтан
Сын болсын - шын болсын!